Дәретсіз кездегі Құранға қатысты тыйым салынған амалдар 1. Мұсхафты ұстау. Алла Елшісі (ﷺ): «Таза кісіден басқасы Құранды ұстамасын!» – деген (Жалалуддин ас-Суютый «әл-Итқаан фи Улуум әл-Қур’ән», 2/459); 2. Мұсхафқа бекіген мұқабаны ұстау, өйткені ол оған біріктіре тігілуі арқылы оның ажырамас бөлігі саналады. Оны ұстау Құранды ұстаумен бірдей; 3. Бөлек қолданылатын қаппен ұстауға рұқсат етіледі. Сол секілді мұсхаф салынған қапшықты, сөмкені, қолдорбаны, портфельді ұстауға болады. 4. Аяттар жазылған нәрсе, аяттармен безендірілген не нақышталған қабырғаны және жиектемені ұстау; 5. Құран оқығысы келген кісіге қаламмен не соған ұқсас затпен қажетті бетті ашуға рұқсат етіледі; 6. Құран аятын қағазға жазуға тыйым салынбайды; 7. Құранды үстіндегі киімнің жеңімен ұстау үкімі – мәкрүһ тахриман. Ал денеден бөлек матамен ұстауға болады; 8. Тәпсір кітабын, егер көлемі Құран мәтінінен көп болса, ұстауға рұқсат етіледі. Көлемі Құран мәтінінен аз не тең болса, ұстау мәкрүһ саналады; 9. Құраннан басқа шариғи кітаптарды дәретсіз ұстауға тыйым салынбайды, бірақ дәретпен ұсталуы – мұстахаб; 10. Мұсхаф болсын, сүре не аят жазылған парақ болсын, сәбидің ұстауына рұқсат етіледі. Өйткені шариғат талап еткен дәрет нормасы Құран оқу әдебіне үйрету тұрғысынан ғана болмаса, сәбиге әлі міндетті емес. Сондай-ақ, сәби күнінен Құран оқып үйренуі мен жаттауы – аса қажеттіліктердің бірі; 11. Ұрлатып алудан қорыққан жағдайда ғана болмаса, Құранды жастанып жату – мәкрүһ. ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.

Теги других блогов: Құран мұсхаф үстау